Балаңыз бақытты ма?

Бір күні кезекті семинардың алдында қағаздарымды реттеп отырсам, орта бойлы бір кісі кіріп келді. Жайдары жүзінен бақыттың лебі есетіндей. Келген бойда:

Ұстаз, қолыңыздан сүйсем рұқсат па? – деді. Негізінде кісінің қолымнан сүйгенін бұрыннан қаламайтын едім. Жігіттің көңілін жықпайын деп:

– Қаласаң қолымнан емес бетімнен сүй. Олда қапсырып құшақтаған бойда бетімнен сүйді. Я, жігітім не үшін қолымнан сүйгің келді? Қонағым ағынан жарыла кетті.

– Ұстаз, осыдан нақ үш жыл бұрын сіздің семинарыңызға қатыстым. Білесіз бе? Менің өмірім тап сол күннен бастап толықтай өзгеріске ұшырады. Сол семинардан кейін бақытты отбасым бар. Сізге алғыс айтып, қолыңызды сүйгім келді.

– Соншалықты не айтып едім?

– Үш жыл бұрын жұмыс барысымен қалаға келіп, сіздің бір семинарыңызға қатысу нәсіп болды. Семинарыңызды қорытындылай келе: Адам өмірінің ең маңызды кезеңі балалық шағы. Балалық шақтың қызығына тойып өспеген сәбидің алдағы өмірінде бақытты болуы екі талай. Қандай да бір ата-ананың ең басты міндеті, ойын баласының ойынға қалауынша қандыра білуінде. Бұл әрбір әкенің басты міндеті – деген болатынсыз.

Сәл үнсіз тосылып, есіне әлдеңелерді түсіргендей:

– Осы сөздеріңізді естіген сәтте терең ойға шомылдым. Әке болып баламды қандай қуанышқа бөледім? Бұндай сұраққа бұрын соңды бас қатырмаппын да. Ойлап қарасам өмірімде баламды қуантуға, ойнатуға немесе көңіл бөлуге еш әрекет жасамаппын. Тоғыз жастағы ұлым мені көре сала, ынжырғасы түсіп, көзіме көрінбеуге тырысады. Не үшін менен құтылуға асығатынын білемісіз ұстаз?

–  Не үшін?

– Өйткені баламды көрісімен :

Үй тапсырмасын орындадың ба? – деген сұрақтан бастайтынмын. Ұлым ынжырғасы түсіп, төмен қарап орындамаған түр танытады. Ашуға булығып, ауыр сөздер айтып... Арғы жағын айтуға аузым да бармайды. Терең күрсінді. Семинар біткесін жол бойы ойландым. Автобуста мүлде ұйықтай алмадым. Содан не керек үйге келіп, әйеліммен ақылдасуды жөн көрдім. Кешкісін балам ұйықтағасын жұбайымды үстел басына шақырып: Бүгін мен керемет бір семинарға қатыстым. Бала тәрбиесіне қатысты көп пайдалы кеңестер алдым. Түсінгенім біз баламызға жақсы ата-ана бола алмай жүрген сыңайлымыз. Мейлі сабағын оқымаса оқымай-ақ қойсын. Ең бастысы балалық шақтың қызығынан құр қалмаса деймін. Қалай ойлайсың? – дедім. Әйелім:

– Сен не деп отырсың? Қанша уақытыңды құртып барғандағы естігенің осы бос сөздер ме? Оқымаса оқымасын, дегенің қай сасқаның? Оқиды! Оқуға міндетті! Басқа балалардан қай жері кем бұның? – деп түсіне алмады. Алайда әйеліме кінә тақпаймын. Қандай ана өз баласының жаман болғанын қаласын.

– Содан не болды?

– Әйелімді үш күн жүріп әзер көндірдім. Ақырында не істесең де өзің білші деген жауап алдым. Кешкісін жұмыстан келгесін баламнан әдеттегіден бөлек көңіл-күймен: Бүгін достарыңмен көңілің қалағанша асыр салып ойнай алдың ба? – деп, сұрадым. Ол да жоқ мағынасына келетін ишарат білдірді. Жылдам жұмыс киімін ауыстырып: Олай болса неге ойнамасқа деп, баламды аулаға алып шықтым. Біздің сыртқа шыққанымызды көрген баламның достары да жинала кетті. Сол күні кешкі алтыдан қас қарайғанға дейін көшеде ойнадық. Жаңылмасам сегіз-тоғыздар шамасында үйге кірдік. Бір керемет күн болды. Үсті-басымыз шаңға малынғасын екеуміз бірге душ алдық. Жуынып болғасын баламды сүртіндірдім. Өмірімде бұрын соңды мұндай керемет күн өткізген емеспін. Жұмыстан келгесін әрдайым кешкісін екеуміз ойынға шығуды әдетке айналдырдық. Бұрын балам менен қашушы еді, енді міне асыға күтіп отыратын болды. Осылай әр күніміз жалғаса берді. Жетінші немесе сегізінші күні балам екеуміз сырттан келіп, жуынып, үстін құрғатып жатқанымда, балам қолымнан қысып ұстап: Әке, мен сізді өте қатты жақсы көремін! – деді.Тілім байланып сөйлей алмадым. Жүзімді жас жуып кетті. Өксік көмейіме тақалып, үнсіз жылай бердім. Ұстаз білесіз бе?

– Нені айналайын?

– Менің қанадай жаман әке болғанымды. Өмірімде бауыр етім баламнан әлгі сөзді алғаш рет естідім. Егер өмірден бала жүрегінен шыққан жылы сөзді ести алмағанымда қандай ғапыл күй кешер едім.

– Олай демегін! Ең бастысы дер кезінде мәселені ушықтырмай реттей алыпсың. Кейбір кісілер әлі күнге қаталдық танытып, бала көңіліне қаяу түсіреді. Сөзіңді бөліп жібердім ренжіме, әрімен қарай не болды?

– Бір күні баламның сынып жетекшісі ата-ана жиналысына шақырды. Әйелімді бірге баруға көндіруге қанша тырыссам да, онымнан ештеңе шықпады. Мұғалімдердің, одан қалса басқа ата-аналардың шағымынан әбден шаршаса керек. Жалғыз баруға тура келді. Жиналысқа кешігіп келдім. Не де болса шағымды ең соңынан естиін деп, артқы орындыққа отырдым. Жиналыс бітті, ата-аналар сынып жетекшісімен жеке-жеке жолығып жатыр. Бәрі жұмыстарын бітіріп кетті, кезек маған да келді. Алдыңғы партаға жайғастым. Сынып жетекшісі бетіме қарап жымиып:

– Айтыңызшы сіз балаңызға не істедіңіз? – деді. Мен де сасқалақтап:

– Үлгерімі мүлде жаман ба? – деппін.

– Сіз айтыңызшы құпия болмаса, расымен балаңызға не істедіңіз?

– Қандай да бір ата-анадан менің баламның үстінен шағым түсті ме? Әлде үлгерімі мүлде нашар болғаны ма?

– Жоооқ! Мүлде олай емес. Керісінше аз уақыттың ішінде балаңыздың сабақ үлгерімі, тәртібі, тіпті мінезіне дейін күрт өзгерді. Бұрын сабағына селқос қарайтын, күніге сыныптағы достарын ренжітіп ескерту алатын. Айтыңызшы қандай амалға бардыңыз?

Мен жылаған күйі тапжылмай отырып қалдым. Қолымнан келген жалғыз нәрсе ол да жылау. Құдайым-ау балапанымды өз қолыммен қор қылып жүрген екенмін ғой. Егілген бойда үйге келдім. Жылай-жылай көзім жабылуға аз қалған болатын. Есікті ашқан әйелім жас жуып кеткен жүзімді көріп:

– Не болды, үлгерімі мүлдем нашар ма? – деп сұрағанда, қолымнан келгені әйелімді құшақтап алып жылай беріппін.

– Ұстаз, сізге алғысым шексіз. Маған бақытқа жетудің жолын сіз көрсетпегенде бүгінгі отбасымның жағдайы қалай болар еді? Сол күннен бері бақытты шаңырақ аясында өмір сүріп жатқан жайымыз бар. Осы себепті салем беріп, қолыңыздан сүйіп кетуді жөн көрдім. Сізге Алла разы болғай! 

Кеңесбеков Қожахмет,

Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің 4 курс студенті

 

Кеңесбеков ҚожахметКеңесбеков Қожахмет
2 жыл бұрын 635
3 пікір
  • Алла елшісінің (с.а.у.) немерелері Хасан мен Хусейнді еркелетіп отырғанын көрген бір бәдауи: "Менің он балам бар, біреуін де еркелетіп, бетінен сүйген емеспін" - дейді таңданысын жасыра алмай. Әз Елшісі: "Алла сенің жүрегіңнен мейірімділікті алып қойса, мен не істей аламын" - деп кейіген болатын. "Кім өзгелерге мейірімділік көрсетпесе, оған да рақымдылық жасалмайды" - деген асыл сөз де Алла елшісіне тән маржан сөз.
    2 жыл бұрын
  • Жақсы жеткізіпсіз. Құр насихаттан осындай өмірде болған тәжірбиелі іс әлде қайда артық. Рахмет бауырым!
    2 жыл бұрын
  • Сіздерге Алла разы болсын!
    2 жыл бұрын