Әлдекім мойнынан ұстап қылқындырып тұрғандай сезінді. Есігін қағып, көңілін сұрап келген ешкім жоқ. Әшейінде безілдеп тұратын телефоны да үнсіз. Сыртқа шығып, мазасыздықтан арылғысы келді. Хат жазуға ниеттеніп, қолына алған қара қаламын үстелдің үстіне ақырын қойып қойды. Хат жазғанымен кімге жазады? Кім оқымақ? Соңғы рет Лондонның көктемгі күнін тамашалағысы келді. Жанына жақын көрінетін көше бойымен үнсіз жүруді ұйғарды. Артынша бірден бас тартты. Қайта айналып келіп үстелдің басына отырды. Үстелдің үстінде жатқан қара қаламын қолына алды. Бірден қайдан екені белгісіз, ойына Аллаға хат жазу келді. Алайда, "Өмір бойы сенбеген біреуге жаза алмаймын,"-деп, қаламын қайта орнына қойды. Қайта шешім қабылдады. Суырмасынан қағазын суырып алып, жаза бастады:
"Еее, Алла! Барсың ба, жоқсың ба, білмеймін. Егер бар болсаң сенен өтінемін, жауап бер. Себебі, мен дәл осы жерде өз-өміріме қол жұмсауға бекіндім." Астына "Джон" деп жазып, қолын бадырайтып қойды. Иығынан ауыр бір салмақ түскенін сезінді де, отырған жерінен бірден тұрып кетті. Еріндері кезеріп, ауызы құрғап кетті. Шөлдетіп тұрған ішкі алауы еді. Ас үйге қарай жүрді. Мысығы артынан қалмай келеді. Иесінің шарасыздығынан мысық та бейшара хәлге түскен сияқты. Шөлі қанғанша су ішіп алды да, өзінен кейін мысығына ешкім су бермейді деп, кішкентай табаққа су құйып тұмсығына қарай жылжытып берді. Бірнеше күнге жетер тамақтан да салып берді. Үйде қамалып қалмасын деп терезені сәл ғана ашып қойды.
Жүріп бара жатқанда қыш құмырадағы гүлдерге еріксіз көзі түсті. Қолындағы суын құмыраға тамызып жіберді. Қураған бір жапырақты аялап, асықпай сабағынан үзіп: "Мына тірі жүрген біз де, үміт үзгенде қурап кетеміз" – деп күбірледі. Артынша қолына жіп алып, асылып өлуді көздеді. Жіпті асығыс дайындап жатты. Кенеттен есік қоңырауы безілдей жөнелді. Бірнеше ай бойы дауысы шықпаған есік қоңырауын басқан кім? Есігін ашып қалса, жүзі нұрлы жас жігіт тұр.
"Иә, сізді тыңдап тұрмын," – деді. Мұстафа сәлемдесіп болып, қолындағы шақыру билетін ұсынды. "Алланың Сүйікті Пайғамбары (с.а.с.)..." – деп басталатын шақырудағы "Алла" деген сөзге кілт тоқтап ойланып қалды да, соңына дейін оқып шықты. Мұстафа шала ағылшын тілімен: "Бүгін кешкісін мұсылмандардың Пайғамбары Мұхаммедтің (с.а.с.) туылған күні. Осы күннің құрметіне іс-шаралар өткіземіз. Сізді де шақырып отырмыз. Келіңіз, асыға күтеміз," – деді. Джон таңырқап қалды. Содан кейін "Бұл әлгі Оған жазған хатымның жауабы болса керек" – деп ойлады. "Міндетті түрде барамын!" – деді. Өзін не күтіп тұрғаны беймәлім. Билетте белгілеп қойған уақыт бойынша Френд Хаузға да жетті.
Лондонның ең әдемі жиын залында әр түрлі дін мен мәдениеттің мыңдаған өкілдері бар тұғын. Ине шаншар орын жоқ.. Дүйім жұрт ұзағынан қол соғып,қошемет көрсетті. Содан соң сахнаға бір сөз шебері шығып:
"Қымбатты қонақтар!
Бүгін Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) туылған күні. Хазірет Ғайса да, Хазіреті Мұса да біздің сүйікті пайғамбарларымыз. Оларды да еске аламыз. Пайғамбарлар – адамзат аспанының жұлдыздары. Адасқан адамдар тура жолдарын осы жұлдыздарға қарап табады. Олар біздерге жалғыз жаратушы Аллаға бет бұруды үйретті..."
Сөз жалғасын тауып отырды. Джон жылап отыр, қатты әсерленді.
Кеш аяқталар тұста Мұстафа қасына келді. Джон қолынан ұстап, шетке қарай тартып әкетті:
«Білесіз бе?» – деп сұрады. «Бүгін қоңырау басып, есікті қағып келгеніңізде, мен мәңгілікке қоштасып бара жатқанмын. Сіз мені шексіз қараңғылықтан құтқарып қалдыңыз. Бір қуысқа құлап бара жатқанымда, қолымнан ұстап үлгердіңіз. Сізді Ол жіберді, білесіз бе? Хақ жіберді. Мына кешке қатысып отырып, Оның маған жауап бергенін аңғардым. Өмір бойы Оған бет бұрмасам да... Ол мені естіді. Қазір сене бастадым. Ол шынымен де бар, себебі маған жауап берді. Біле білсеңіз, бүгінгі мына кешті өмірімдегі барлық түндерге ғана емес, күндізгі уақыттарға да ауыстырмаймын.
Ол өзін шырқау аспанда қалықтап ұшқан құстар іспетті еркін сезініп, мәңгілікке қарай қанат қағып шарықтап кетті.
Лондонда сәуір жаңбыры себелеп жауып тұрды...
Harun Tokak еңбегінен үзінді
Неше адам қолына шақыру жетпей кетіп жатыр.
Шақыруды жеткізе алмаған кім кінәлі? Әрине біз кінәлі!