Түннің бір уақытында халифа Омар (р.а.) мен Абдурахман ибн Ауф (р.а.) қала көшелерін кезіп, елдің жағдайын бағуға шықты. Кенет бір үйдің тұсына келген тұста үй ішінен жағымсыз дауыстар естіле бастады. Халифа сәл тыңдап тұрып:
– Абдурахман, бұл кімнің үйі екенін білемісің?
– Жоқ, білмедім.
– Бұл үй ... деген кісінің үйі. Түннің бір уақытында мас болып, бақырып-шақырып жатқандарын көрмеймісің. Қалай ойлайсың, бұларға қандай жаза қолдансақ екен?
– Менің ойымша оларға жаза тағайындайтын біз емес.
– Не үшін?
– Жаратушымыз адамдардың айыбын жасыруды бұйырды. Ал, біз болсақ түннің бір уақытында үйінің ішінде отырған адамдардың айыбын аңдып әлекпіз. Қарап тұрсам жазаға лайықты болған екеуміз сияқтымыз.
Халифа Омар (р.а.) сансыз ойлармен арпалысып, артынша қолын Абдурахманға (р.а.) созып:
– Ұста қолымнан! Тез бұл жерден қарамызды батырайық. Әйтпесе біз оларды емес, олар бізді жазалайтын болады.