Пайғамбарымыздың (с.а.с.) заманында Шифа атты әйел сахаба өмір сүріпті. Шифаның діндарлығы, білімділігі мен көріктілігі қаншама жанның аңыз қылып айтар әңгімесіне айналады. Үйленуге ұсыныс тастап, әр тараптан кесе-кесе алтын, керуен-керуен түйелерді сыйлыққа жібергенімен, ешбірін қабыл етпей, кері қайтарады екен.
Бір күні Шифа Алла Елшісіне (с.а.с.) келіп:
– Уа, Алланың Елшісі! Алла ризалығын алу үшін маған қандай амал жасауға кеңес бересіз? – деп сұрайды. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.):
– Шифа, бойдақ жанның иманы бүтін емес. Сен, отбасын құр, иманың кемелденсін, – деп жауап береді. Сонда Шифа:
– Мен тұрмысқа шықсам, тек Алланың ризалығын алуды мақсат етемін. Маған жар болатын кісіні сіздің таңдап бергеніңізді қалаймын – дед. Сол тұста Шифадан дәмелі қаншама кісі үміттеніп, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) аузына қарасты. Сонда Адамзаттың Ардақтысы (с.а.с.):
– Ендеше таң намазына алғаш болып келген кісімен Шифаны некелестіремін – деді. Шифадан дәмелі болған қаншама адам түні бойы ұйықтамауға қарар берді. Бірісі тіпті қызметші жалдап, түннің бір уақытында тұрғызуды бұйырды.
Сахабалардың арасында Сухайф атты кісі болатын. Өзіне тән ешбір жеке мүлкі жоқ, үй-жайдан жұрдай кісі еді. Тамағы табылған жерден жүрек жалғап, ұйқы қысқан жерде мызғып алуды ар санамайтын. Сухайфтың Шифадан мүлдем үміті жоқ болатын. Үй-күйсіз жанда беделді, қаншама бақуатты кісінің қолы жетпей жүрген қызда қайдан үміті болсын. Алайда Алланың құдіретімен таң намазы уақытында қаншама Шифадан дәмелілердің бәрі ұйқыға кетіп, мешітке тек Сухайф қана келеді. Алла Елшісі (с.а.с.) Шифа мен Сухайфты некелестіру барысында екі жақтың ризалығын алды, артынша:
– Сухайф, мәһрге не бересің? – деп сұрады. Ерінің өзгелердің алдында абыройына нұқсан келуін қаламаған Шифа ақырын ғана: «Мынаны алыңыз, маған осыны мәһр ретінде берсеңіз жеткілікті», – деп, бір кесе әшекей ұсынды. Осылайша неке қиылып, екі жұп Шифаның үйіне қарай бет алды.
Үйге келгесін Сухайф әйеліне: «Сен, маған Алла ризалығы үшін тұрмысқа шықтың. Өзің білетіндей менің ешқандай дүнием жоқ. Тұла бойымда қате кемшілік жетіп артылады. Сенен өтінерім менің кемшіліктеріме көз жұма қара, сабырлық таныт. Мен өзіңдей діндар жанға жолыққаныма дән ризамын. Егер рұқсат етсең, неке түнімізді толығымен құлшылыққа арнасақ деймін», – деп, екеуі таң атқанша құлшылық жасайды.
Сухайф бесін намазына мешітке келгенінде Пайғамбарымыз (с.а.с.) күлімсіреп: «Жұбайың екеуіңнің таң атқанша немен айналысқандарыңды мен айтып берейін бе, әлде өзің айтып беремісің?» – деп сұрады. Сухайф жымиып:
– Алла Елшісі (с.а.с.) бәрінен артық білуші – деді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.):
– Алла сендердің құлшылықтарыңды қабыл етті. Сонымен қатар күнәдан да пәк етті! – деп сүйінші хабар жеткізгенінде:
– Уа, Алланың Елшісі! Маған дұға жасауыңызды өтінемін. Мен күнәдан пәк күйде Алламен қауышқым келеді – дегені сол еді, сылқ ете түсті. Басқа сахабалар абдырап Сухайфтың жансыз денесін сүйеп бір-біріне: «Бұлар түнімен не істеген?» – деп таңғалысқанда, Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Таңырқайтын мәселе ол емес. Қазір ғана Шифа да үйінде жан тәсілім етті» – деді.
Осылайша мүбәрак Пайғамбарымыздың (с.а.с.) некелестірген жұбы, Аллаға күнәдан пәк күйде жолығуды таңдаған екен.