ТУ ТІККЕН ҚАЗАҚ
ТУ ТІККЕН ҚАЗАҚ

 

           1945 жыл, соғыстың соңғы апталары. Мұз еріп, тоң жібігенімен көктемнің ызғары бар. Суға малынған екі сарбаз жеңістің туын тігу жолында тоңуды ұмытқан. Шешуші ұрыста фашизмнің ордасы Рейхстагты қолдан бермес үшін, немістер бүкіл әскери күшті осында жұмылдырған. Оқ жаңбырша жауған күні қазақ жауынгері өз естеліктерінде тіпті тірі қалуды үміт етпегендігін баяндайды.

         Рейхстагқа не бәрі 350 метр жер қалды. Алайда, қос сарбаз үшін бұл жорық өмірдегі ең ұзын жолға айналды. Қан сасыған алаңда 350 метрді жеті жарым сағат дегенде аса жанкештілікпен бағындырады. 1945 жылы Рақымжан Қошқарбаев пен жауынгер серігі Григорий Булатов Рейхстагқа жеңіс туын тікті.

         Ұлтты менсінбеу, кемсіту салдарынан қазақ сарбазы тиісті бағасын алмады. Қос жауынгердің ерлігін қолдан тарихтан өшіру әрекеттерін байқауға болады. Тиісті бағасын алудың орнына келемежденген Булатовтың өз—өзіне қол салғандығы мәлім. Десе де, залымдар көмген тарихи шындықтың бетін уақыт қайта ашты.

         Соғыс біткеннен кейін, Рақымжан Қошқарбаев беймәлім болған күйі қарапайым тіршілігін жасады. Себебі, әділетсіздікке сабыр етуді Сарыарқаның қытымыр аязы мен өмірдің өзі үйреткенді. Төрт жасында анасынан жетім қалған баланың әке мейірімін көріп өсуін жендеттер де көп көрді. Әкесіне саяси жала жауып, халық жауы атандырып абақтыға жапты. Жетім баланы «халық жауының баласы» деп, ауыр жұмыстарға жегіп, аяушылық танытпады. Панасыз қалған бала Рақымжан «Тайтөбе» балалар үйінде тәрбиеленді.

         Соғыс біткеннен кейін де, Қошқарбаев үшін сынақ бітпеген еді. Сүйіп қосылған жары толғақ үстінде жан тәсілім етті. Артынша өмірге келмей жатып анасынан айрылған сәбиін де жоғалтты.

         Ұлттың Рахымжандай ұлының ерлігімен қауышуына сеп болған Бауыржан Момышұлы мен Кәкімжан Қазыбаев еді.

30 cәуір сағат 14:30 Рақымжан Қошқарбаев пен жауынгер серігі Григорий Булатов Рейхстагқа жеңіс туын тіккен күн!

ПыСы: Шолақ белсенділердің нұсқауымен тек мамыр таяғанда ғана ескі сценарий желісімен атасының суретін құшақтағандарды тыңдасам, тұссыз ас ішкендей болам.

Рейхстаг, Рақымжан Қошқарбаев
Кеңесбеков ҚожахметКеңесбеков Қожахмет
4 жыл бұрын 2877
0 пікір
Блог туралы