Ажалдың құрығы жетпеген арман
Ажалдың құрығы жетпеген арман


Ажалдың құрығы жетпеген арман

 

Оны алғаш медресемізге анасы ертіп келгенді. Құжаттарын қабылдау барысында есімін сұрағанымда «Фатима» деп жауап берген болатын. Артынша:

– Егер мені қари ете алмайтын болсаңыздар, шәкірт болудан бас тартамын − деп, бізді біраз састырғаны әлі есімде. Ынтасына іштей таңырқап:
– Сен еш уайымдама, қаласаң қари болып та, ұстаз болып та шығасың!.. – дедім.

Мұны естігенде Фатиманың жүзі бал-бұл жайнап кетті. Анасы сөзге араласып:

– Қызым балалықпен артық сөйлеп қойса, айыпқа бұйырмағайсыз. Жатса да, тұрса да бар айтары – қарилық. Ауыл молдасынан естісе керек, хадисте: «Құранды бастан аяқ жаттағандарға ақыретте жақұттан тәж кигізіледі» делінген екен. Бұл жайында енді біздің бар білеріміз осы, сіздер бізге қарағанда артық білесіздер ғой.

– Ол не дегеніңіз? Біздің де білгеніміз бір тоғыз, білмегеніміз тоқсан тоғыз ғой. Барлық адам сіз секілді білгеніне амал етсе игі еді... Еш алаң болмаңыз, қызыңызды аманат деп қабылдаймыз. 

Уақыт өте берді. Фатима алғашқы күндерден-ақ зеректілігімен, әдептілігімен менің жан дүниемді баурап алды. Өзі қатар басқа шәкірттер ұйықтап немесе басқа тірліктермен шұғылданып жатқанда ол Құраннан бас алмайтын. Бірде маған келіп:

– Ұстаз, қари болу үшін Құранды толығымен жаттау шарт па? – деп сұрады. Мен де:
– Әлбетте, солай... Қари атану үшін барлық аятты жаттауыңа тура келеді, − дедім.

Бұл жауабым бала көңілін жыққандай болып көрінді... Ештеңе деместен сыныптан шығып кетті. Араға көп уақыт салмай сырқаттану себебінен бірнеше дәрісті жіберіп алды. Сабақтан қалуы үдегесін уақыт тауып сөйлесуге тырыстым. Оған барып:

– Саған не болды? Әлде ата-анаңды сағындың ба? – деп сұрадым. Тосын сұрағыма қатқыл дауыспен:
– Жоқ! – деді.
– Олай болса не үшін көңілсізсің? Жиі науқастанып та, жүрсің, дегенімде:
– Мені қате түсінбеңіз. Бұл жер маған өте қатты ұнайды. Медресені тастап кетуге қалайша қимақпын?! Ондай қадамға баруға әуелі Алладан қорқамын. Берген мүмкіндікті пайдаланып, діни сауатымды арттырмасам, ақыреттегі жағдайым қандай болмақ... – деп, көздерінен моншақ жастар домалай түсті.

Айтуын айтсам да, артынан өкініп қалдым. Бір жағынан қатты таңырқадым. Кіп-кішкене жүректе мұншалықты кемел иман қалайша орыққан десеңші... Араға екі күн салып Фатима төсек тартып жатып қалды. Ауруханаға апаруға тура келді. Дәрігерлер ем-домын жасады. Таныс дәрігерім бөлмесіне кіргізіп, тез арада Фатиманы үйіне қайтару керектігін айтты. «Неге» − деп сұрағанымда: «Тіпті айтуға да қиын, қыз ақ қан ауруымен ауырады» деген жауап алдым. Үстіме біреу мұздай су құйып жібергендей сезіндім. Өз құлағыма өзім сенбей абдырап тұрған орнымда қатып қалыппын... Фатиманың жанына барғанымда солғын тартқан еріндері жыбырлап:

– Ұстаз, Әзірейіл адамдардың жанын алуға келгенде, қандай кейіпте болады? – деп, сұрады. Ішім қан жылап тұрса да, білдірмеген кейіппен:

– Мүмін құлдарға әсем бейнеде көрінеді – деп, жауап бердім. Кенет жүзін жас жуып кетті. Өксік аралас әлсіз дауысымен:

– Мүмкін, қари бола алмаспын, алайда Аллаға шүкір мұсылманмын! – деді.

Қари болу үшін бүкіл Құранды жаттау керектігін айтқанымда неліктен жабырқағанын енді түсіндім. Демек, періште көңілі сырқатын білген екен.

Алыстағы ауылдан жеделдетіп анасы да жетті. Фатима заттарын жинастырып болып, жаныма келді. Байыпты қалпынша:

– Сізді ренжітіп алмадым ба? – деп, сұрады.
– Ол не дегенің, не деп ренжимін саған. Сен, «қарилығымды бітіре алмадым» деп, әсте қамықпа. Тәуекел етіп осы жолға түскен екенсің, Мейірімі шексіз Алла ниетіңе қарай қарилардың санатына қосып қояды. Қатты қуанып мойныма асылды. Көздерінен қуаныштың жасы мөлтілдеп:

– Расымен, қарилардың қатарына қосылуым мүмкін бе? – деп, сұрады.
– Инша Алла!
– Анашым, естідің бе? Естідің бе?..

Осылайша қияр да қимай Фатиманы үйіне шығарып салдық. Сырқатынан айығып қайта келуіннен үміттендім. Хат алмасып тұрдық. Кезекті бір хатында жақұқттан жасалған тәжді кигенін түсінде көргендігін баяндапты. Қатты қуандым.

Бір күні ақшам намазынан кейін телефоным шырылдай кетті. Тұтқаның арғы жағынан өксікке толы Фатиманың анасының даусы шығып жатты.

– Ұстаз, Фатимадан айрылып қалдық... – дегенінде менде өз-өзімді ұстай алмадым. Анасы сөзін жалғастырып:

– Жантәсілім етер алдын сізге мына сөзін жеткізуімді өтінді: «Анашым, ұстазыма айтыңызшы... Әзірейіл (а.с.) біз ойлағаннан да сұлу екен...»

 

Кеңесбеков ҚожахметКеңесбеков Қожахмет
9 лет назад 3659
0 комментариев
О блоге