Ақылсыз әйелге қалай ес кірді?
Ақылсыз әйелге қалай ес кірді?

Таныстардың бірі Еуропада жұмыс жасайтын. Жылына рұқсат алып, әзер дегенде бір келеді. Келгенінде ретін тауып үйімізге қонып кетуге тырысады. Санаулы күндерге келе тұра, арқаны кеңге жайып жайбарақат дем алғанын көрмедім. Әр келгенінде ынжырғасы түсіп, әлденеге қамыққан адамның кейіпінде жүреді. Бастапқыда мәселенің басын ашып айтпайтын. Қашанғы іште сақтасын, уақыт өте бәрі белгілі болды.

Сағыныштан сарғайып туған өлкенің топырағын аңсап жеткенде қуанышы қойнына симай жүреді. Артынша көңілі су сепкендей басылып, қуаныштың лебі де қалмайды. Оның себебі Германияға қайтар уақыт таяған сайын, жылусыз әйелімен қауышар күннің жақындауымен тікелей байланысты екен.

Әйелінің өмір туралы көзқарасы мүлдем басқа болып шықты. «Өмірді белшесінен басып сүру керек» – деп, түсінетін жанды көрпеге қарап көсілу ұғымы қызықтырмаса керек. Ерінің тапқан­таянғанын қымбат үй жиһазы мен жылтыраған болмашы заттарға жұмсайтын көрінеді…

Анасының тәрбиесін көрген қызы да отбасын құрған ері мен ысрапшыл болғаны үшін тұрмыстан қайтып келіпті. Арадан ұзақ уақыттар өтті. Танысым Германиядан бир жолата елге қоныс аударды. Бастапқыда қаражат мәселесінен тапшылық көрді. Осылайша күндер өте берді

Бір күні жолым түсіп, үйлеріне соқтым. Бір байқағаным бұл жолғы жағдай мүлдем басқаша. Әйелі еріне мойын сұнып, араларында татулықтың лебі есетіндей. Ері не айтса да иіліп, айтқанынан шықпайды.

Таңырқаған күйде туысымның құлағына сыбыллап:

– Алла ұзағынан сүйіндірсін! Бұрын соңды көрмеген ілтипатты көріп таңырқап отырмын. Ол да маған қарай жантайып:

– Сен істің шешімін Аллаға тапсырасың. Әлемдердің Раббысы ненің қайылы екенін өзі біледі!

– Араларыңдағы силастық қалай орнады? Әлде Аллаға ұнамды амалдар жасадың ба? Сен жасырмастан бәрін айт, мүмкін бізге де бір пайдасы тиіп қалар.

– Әйелім күтпеген жерден ауруға душар болды. Қатты қиналғаны соншалық аяққа тұра алмайтын, нанға қол соза алмайтын жағдайға жетті. Қатерлі буын ауруына шалдықты. Сол уақыттарда әрдайым жанынан табылдым. Ауруханаға үздіксіз өзім апардым. Дәрі­дәрмегін өз қолыммен қадағалап бердім. Осы атқарған ісімнің барлығы әйелімнің маған деген құрметін арттырды. Маған жылы шырай таныта бастады. Ақырында Алланың қалауымен дертінен түбегейлі айығып шықты.

Осы уақыттарда әйелім өмірден көп сабақ алды. Жаны қысылған уақытта, мұқтаж болған сәтте жанынан табылатын жалғыз жан ері екенін түсінді. Бұрынғы ренжіткен күндеріне өкініп, екінші мәртә көңілімді жабырқатар сөз айтпауға уәдесін берді. 

Кеңесбеков ҚожахметКеңесбеков Қожахмет
10 лет назад 3840
0 комментариев
О блоге