Ертеде бір саудагердің өзін бақытсыз санайтын ұлы болыпты. Саудагер бақыттың сырын үйрену үшін перзентін өз заманының білгір ғалымына жібереді. Білгірдің кеңесін алу үшін қырық күн жол жүреді. Әбден әлі құрып, азығы таусылған тұста, төбенің астынан сәулетті шаһар бой көрсетеді. Шаһардың ішінде сырттан келген көпестер саудасын жасап, жергілікті халық күнделікті күйбең тіршілігімен айналысып әлек. Шаһардың адамдарынан сұрастырып жүріп, әкесі айтқан білгірдің сарайына келеді. Ғалымның қабылдауына кіріп, келген мақсатын айтқанында: «Менің қәзір уақытым жоқ. Сарайды аралап ішіндегі кереметтің барлығына бір көз жүгіртіп, екі сағаттан кейін кел» − деп, қолына бір қасық ұстады. Қасықтың ішіне екі тамшы май тамызып, сарайды тамашалау барысында қасықтағы майды төгіп алмау керектігін ескертеді. Жас жігіт ғалымның айтқанындай екі сағат бойы сарайдың ішін кезеді. Алайда көзін қолындағы майдан айырмайды. Айтылған уақытта қайта ғалымның алдына келгенінде, білгір:
− Сарайды жақсылап араладың ба? – деп, сұрайды.
− Иә, араладым. Сарай мен ойлағаннан да, тым үлкен екен.
− Сарайдағы жұпар аңқыған гүлдерді, талайларды таңдай қақтырған бақшаны, көздің жауын алатын сәулет өнерін көрдің бе?
− Шынымды айтсам, қасықтағы майды төгіп аламын ба деген қауіптен көзімді қасықтан айырмадым. Айтқандарыңыздың ешбірін көре алмадым.
− Олай болса қайтадан сарайды арала. Бүкіл сұлулыққа зер сал. Айналаңдағыларды танып білмейінше, бақыттың сырын үйрену әсте мүмкін емес – деп, келген ізімен қайта жібереді.
Жас жігіт бұл жолы білгір айтқан сұлулықтардың барлығына дерлік көз жүгіртеді. Артынша ғалымның қасына келіп, сарай ішіндегі сұлулықтардан алған әсерімен бөліседі. Білгір: «Жарайды, жақсылап аралаған екенсің, ал менің қасықтағы майым қайда?» − деп сұрағанында, майдың төгіліп қалғанын көреді. Ғалым күлімсіреп: «Сен іздеген бақыттың сыры осында. Жаратылыстағы кереметтерге көз жүгірте отырып, өзіңнің бақытты екеніңді сезіну үшін қолыңдағы майды (бойыңдағы кемшілік атауын) ұмытуың жеткілікті» − деген екен.