Жаңылыс келген хат
Жаңылыс келген хат

 

            Сол күні жұмыстан ерте келдім. Сыртқы есікке орнатылған пошта жәшігіне әлдекім хат қалдырып кетіпті. Сыртқы жазуынан төменгі сынып оқушысының жазғаны көрініп тұр. Хатта:

Құрметті әкешім!

Әкешім, жағдайыңыз қалай? Ауырмай жүрсіз бе? Негізгі қояйын деген сұрағым бұл емес. Ес білгелі мазалайтын бір сұрақ. Қынжыламын, құны үш жүз теңгеден аспайтын ішімдік неліктен анам екеумізден артық? Бізді үйден қуып жібергелі екі жыл уақыт өтіпті. Анамның тапқан азын-аулақ ақшасы пәтер ақысы мен менің қажет жарағымнан артылмайды. Шешемнің үстіндегі киімі де абден тозығы жеткен. Менің достарымның алдында намыстанады дейді ме әйтеуір ата-аналар жиналысына да келуді қойған. Білесіз бе? Сіз оны кезінде қанша ұрып-соқсаңыз да, әке-шешесінен балағаттасаңыз да, сіз туралы жаман сөз айтуыма рұқсат етпейтін. Не айтсам да «Ол сенің әкең» - деп ұдайы тыйып отырады. Бүгін де анам төсек тартып жатыр. Қыстың суығына қарамай еден жуып, жаздың ыстығына қарамай шақшиған күннің астында пісте сататын. Бәлкім осыдан ба, әлде іште жиналған құсаның әлегі ме әйтеуір жиі науқастанып, мұрыны жиы қанауды шығарды. Әкешім, егерде хатымды оқып отырған болсаңыз анама көмектесіңізші. Кезінде анамды қанша ұрып-соқсаңыз да сіз ауырып қалсаңыз қолынан келгенін аянып қалмаушы еді ғой.

            Өткенде қазақ тілінен «Менің отбасым» атты шығарма жаздық. Апай: «Ата-аналарыңның не жұмыс жасайтынын, демалыста отбасыларыңмен қалай өткізетіндеріңді жазыңдар», - деді. Жазар едім... Алайда немді жазам. Екілік баға алдым. Хатым қолыңызға тисе, келесі жолы бестік баға аламын деген ниеттемін.

            Кішкене қуанышты жаңалығым бар. Кезіндегі белдігіңіздің темірінен  қалған шекемдегі тыртық мүлдем көрінбейтін болды. Анашым тыртық көрінбейтіндей етіп кекіл қойып берді.

Біз сізді жақсы көреміз.

Қызыңыз: Сымбат - деп  жазыпты.

Терең ойдың тұңғыйығында кеткен маған, баламның: «Әке мына велик ұнамайды, басқасын аламын». Әйелімнің: «Қырық мыңның көйлегін алу керек еді» деген сөздері естіліп жатты.  

Кеңесбеков ҚожахметКеңесбеков Қожахмет
9 лет назад 4363
0 комментариев
О блоге