Майдан бүлдіршіні
Майдан бүлдіршіні

1950 жыл. Алып империялардың ықпалымен Корей соғысы басталды.  Мемлекет аралық келісім шарт негізінде соғыс ошағына 15 мың түрік әскері кіргізілді.

Тарсыл-гүрсілге оранған орман іші. Майдан шебіндегі Сүлейманның құлағына кенет жылған баланың дауысы естілді. Дауыс үйінді астынан шықты. Бұл, соғыс салдарынан ата-анасынан айрылып қалған бес жасар қыз бала болатын. Сарбаз басшылық тарапынан рұқсат сұрап, жетім қызды қамқорлығына алды. Қыз қатты шошынып қалған. Үрейден есімін ұмытқан қызға Сүлейман Айла деп есім қойды. Айланы бүкіл әскерилер сәттілікке балады.  Кішкентай қыз майдандағы әскерилерге үміт сыйлайтын. Сүлейман Айлаға қатты бауыр басып, әке орнына әке болуға тырысты. Айла қанатының астына алған Сүлейманды әке деп атайтын. Соғыс ошағы сейілген тұста Сүлейманның еліне қайтар сәті жетті. Айланы өзімен бірге еліне әкетуге тырысқан әрекетін Корея заңы құптамады. Бірнеше рет асырап алуға өтініш бергенімен, келісім ала алмады. Қызын қимаған әке, басшылыққа өтініш білдіріп және бір жылға ерікті түрде Кореяда қалуға рұқсат алды. Алайда, бір жыл да өте шықты. Бұл кезде Сүлейманға қызымен қоштасу тіптен ауырға түсті. Алайда әскери бұйрық орындалуы керек. Айла балалар үйіне өткізілді. «Қызым, мен сені іздеп келемін!» деген, соңғы сөзін айтып, көз жасына малынған Сүлейман еліне кете барды.

Арада қанша жыл өтті. Сүлейман Айланы қанша іздегенімен таба алмады. Қызын көруге деген құштарлық қаншама есік қақтырды. Алайда, Айланың бүгінгі күнгі есімін білмегендіктен іздеу сәтсіз аяқталып отырды. Күндердің бірінде жоғарыдағы оқиға корей журналистерінің құлағына жетеді... 

Осы тұста Айла да, қарап жатпаған. Қаншама БАҚ – ның , қаншама телеарналардың есігін қаққан. Алайда, әкесінің бірде-бір суреті немес толық аты-жөні болмағандықтан, таба алмаған.

2010 жыл. Арада 60 жыл өтті. Осы күнге дейін Сүлейман Кореяға қатысты қандайда бір ақпарат көрсетілсе,  тапжылмай мұқият қарап келген. Жалғыз себеп – қызы Айла туралы ақпар естісем деген үміт. 25 жасар Сүлейманның арманы 85 жасында орындалды. Екі елдің журналистерінің ықпалымен Айла мен Сүлейман қайта қауышты. 2017 жылы желтоқсанның жетінші жұлдызында 91 жасында Сүлейман Айласының қолын ұстаған қалыпта бақиға аттанды. Сүлейман Айлаға берген сөзінде тұрды.

Айланың құжаттағы есімі Kim Eunja. Бүгінгі күні екі немеренің әжесі.

Жоғарыдағы оқиға негізге алынып түсірілген «Ayla: The Daughter of  War» (Айла: Доч войны 2017) фильмі Оскардың «Ең үздік шетелдік кино» номинациясын жеңіп алды.

P.S:   Адамдық өлмегенше, өмір құндылықтары жойылмақ емес!

Қожахмет Кеңесбеков

Кеңесбеков ҚожахметКеңесбеков Қожахмет
5 лет назад 3918
2 комментария
  • әдемі ақпарат екен, кеңірек тарқатып жазу керек еді, қолда деректер болса...
    5 лет назад
О блоге