Партизан Қасым Қайсенов
Партизан Қасым Қайсенов

Бауыржан Момышұлы: Айтпақшы, партизан Қасым Қайсенов келіп кетті. Саған да сәлем айтты.

Әзілхан Нұршайықов: Сәлемет болсын. Карантин ғой, қалай кірді екен?

-          Қасымға карантин бөгет болушы ма еді. Қақпаға барып едім, кіргізбеді. Бір бұрышты айналдым да, қоршау тақтайды теуіп қалып біреуін сындырдым. Бірақ одан сыймадым. Екіншісін сындырдым да, сып етіп аурухананың ауласына кірдім. Полковник ағам ауырып, арыстай боп ауруханада жатса, қараймын ба мен бұлардың қарауылы мен карантиніне деді.

-           Қоршаудың тақтайын сындырғаның үшін өзіңді сотқа берсе қайтесің? – дедім оған. Ол аурухананың ауласын басына көтеріп, сақылдап кеп күлді.

-          Жоқ, Бауке, оған қорықпаймын. Жасанған жау тұтқын лагерін тоғыз қабат сыммен қоршап, автомат, пулеметін кеудеме кезеп тұрғанда олардың тас-талқанын шығарып, совет азаматтарын азат еткен Қасым ауруханадағы ағасына келіп, алақанын сипап, бетінен сүйе алмаса, ол несіне кісі болып жүреді, – деп айқара құшақтап, екі бетімнен кезек сүйіп жатыр. Өзіңді арқалап алып кетейін, кетесің бе үйге? – дейді тағыда. Қасымға не дерсің, рахмет, айналайын деп маңдайынан сүйдім. Ол жоғарыға көтеріліп, сенің де көңіліңді сұрамақ еді. Бірақ, төмендегі сестралар шуылдап, жібермеді. Содан кейін: «Әй, Қасым қойғын. Бұл саған Украйнаның орманы емес», – деп қайтарып жібердім.

Әзілхан Нұршайықов: Партизан жазушы Қасым Қайсеновтың бұл қылығына мен қатты тебіреніп қалдым. Өйткені осы кішкентай деталь маған көп нәрсені баяндап тұрғандай болды... Кейбір ағайындарың ауырып жатқаныңда есік ашық тұрса да, бас сұқпайды. Ал, Қасым болса аурухананың қабырғасын қақыратып кіріп, ағасын аймалап бетінен сүйген. Бұл да бір өзінше ерлік іспеттес іс екен. Ағаны ардақтаудың, азаматты қадірлеудің адамгершілік үлгісі осындай болар. Ерді ер, батырды батыр осылай құрметтейтін шығар деп ойладым мен.

«Ақиқат пен аңыз» кітабынан

ПыСы: Үйдегі ескі қызыл мұқабалы кітаптан осы бір оқиғаны оқығанда ерекше әсерлендім. Көзі қарақты оқырман үшін сарғайған парақ беттеріндегі рухты оқиғаны теруді жөн көрдім. БҮГІН ҚАСЫМ ҚАЙСЕНОВТЫҢ ТУЫЛҒАН КҮНІ. Ер есімі – ел есінде!

Кеңесбеков ҚожахметКеңесбеков Қожахмет
5 лет назад 3831
0 комментариев
О блоге