Мен ұмытқан сөз
Мен ұмытқан сөз

Бүгінгі таң айқай-шудан басталды. Ашуға булыққан күйеуі дауыс көтеріп, ас бөлмедегі әйелін сөге бастады. Әкелерінің ашулы дауысын естіген екі кішкентай үрейленіп, көздері жәутеңдеп есіктің артына тығылып жасырына кетті. Ас бөлмедегі айқай үдей түсті:

– Саған айтпадым ба? Бүгін менің семинар өткізетін күнім. Ашудан көздері қанталап, қызарып: Ашық көк көйлегімді үтікте демедім бе? Неге қоңыр көйлегімді білгішсініп үтіктеп жүрсің?

– Енді болмашы нәрсеге бола осынша айқай-шу шығарғаныңыз дұрыс па? Сәл күте тұрсаңыз аз уақытта көк көйлегіңізді де үтікпеп берер едім ғой.

– Ей, сен қатын не деп маған ақыл айтып тұрсың? Қап тағы да кешігетін болдым – деп, апыл-ғұпыл заттарын жинап, есікті тарс жауып, жұлқынып кетті.

Екі баласы ынжырғалары түсіп, көздері жәудіреп:

– Анашым, әкеміз сізге неге ұрыса береді? Әлде бізді жақсы көрмейді ме? – деп сұрақ қойды. Анасы кібіртіктеп:

– Балам-ау, бұл не дегенің? Әкелерің біз үшін күндіз-түні дамыл таппай жұмыс жасайды. Ұрысса жақсы болсын деп ұрысады. Жүріңдер таңғы асты бірге дайындайық – деп, балалардың көңілін басқа нәрсеге алдандыруға тырысып бақты.

Әне-міне дегенше таңғы ас та дайын болды. Кенет радиодан беріліп жатқан әуезді ән тоқтап, қала көшелерінің бірінде орын алған көлік апаты жайлы тосын жағдайды хабарлады. Ең үрей тудырғаны көлік апатының жұбайының күнделікті жұмысқа өтетін көшелердің бірінде орын алғаны. Бойын бірден үрей биледі. Қалтыраған қолдарымен ерінің телефон номерін терген еді, өшірулі тұрғанын аңғарды. Ойы сан-саққа жүгіріп: «Тек ол емес! Әлде маған ашуланып, жол апатына ұшыраған болса ше? Жоқ мүмкін емес!» – деген, ішкі түйсігімен арпалысып әлек. Апырақтап сырт киімін киіп жатып, әлдеңе есіне түскендей дел-сал күйде есікті ашуға дәрмені жетпей, тұрып қалды. Оны мазалаған: «Егер расымен қаза тапса балаларының ойында әкелері ашушаң жаман кейіпкер ретінде сақталып қалмақ па?» – деген қорқынышты ойдан секем алып, өксіп жылап қоя берді. Егілген бойда есікке қарай ұмтылды. Асығыс есікті ашқанында есіктен енді кіргелі тұрған ерін көрді. Өз көзіне сенер-сенбес көз жасына ерік берген бойда ерінің мойнына асыла кетті. Әйелін құшақтап:

– Жаңалықтарды естідің бе? – деп сұрады. Әйелі жауап беруге шамасы келмей, көргендігін ишаратпен жеткізді. Жарының амандығына көз жеткізіп, өзі-өзіне келіп:

– Сіз үйден маңызды бір жиналысқа асығыс шығып кеткен едіңіз, жұмысыңызға бармадыңыз ба?

– Көлік апаты менің дәл жанымда орын алды. Сол кезде жиналыстан да маңызды нәрсені ұмытқанымды түсіндім. Егер мен қаза тапқанымда... Күбірлеген дыбыстарды естіген кішкентайлар есіктің аузына жүгіріп келді. Алайда әкелерін көргенде әлі ашулы болар деген үреймен аналарының артына тығыла кетті. Әкесі балапандарын шақырып, құшағына қысып, мауқы басылғанша шекелерінен сүйе берді, сүйе берді. Сөзін жалғастырып:

– Мен бүгін үлкен қателік жасадым. Таңертең үйден шығарда сендерді қаншалықты жақсы көретінімді айтуды ұмытып кетіппін. Бұндай маңызды сөзді ұмытуға бола ма екен? Жарты жолдан үйге қайтқан себебім осы! Мен сендерді жанымнан артық жақсы көремін. Анасы, бізге таңғы ас бересің бе?

Кімнің қашан ажал құрығына ілінерін бір Алла ғана біледі. Қандай да бір кісімен қоштасар алдын, ертеңгі күні сізді сағынышпен еске алардай жылы шырайыңызды аямаңыз!

Кеңесбеков Қожахмет

жанжал, үрей, қателіктен сабақ алу
Кеңесбеков ҚожахметКеңесбеков Қожахмет
9 жыл бұрын 4832
8 пікір
Блог туралы